Слабовидящим
Поиск

Читаем

Төрт түлік атаулары

3 октября, 22:36

Төрт түлік – түйе, жылқы, сиыр және қой-ешкі малдары. Жұп, аша, айыр тұяқты және тақ, тік тұяқты болып бөлінгенімен, олардың бәрін қосып халық аяқты мал деп атайды. Малдың шығу тегі туралы қызықты аңыз көп. Солардың біріне құлақ ассақ түйе – сордан (сротаң, ащы шөпке әуестігі, шөлге шыдамдылығы ескерілсе керек), жылқы – желден (желден жүйрік), сиыр – судан (сулы-нулы қонысқа үйір), қой – пейіштен (жуас, момын, шаруаға қолайлы), ешкң – тастан (тау-тасқа секірген жеңіл мінезді) жаратылыпты-мыс.

Текті мал – киелі де. Халық аңызында төрт түлікті көлденең кесірден, ауру-кеселдерден сақтайтын, өсіп-өнуін жебеп-жебелейтін қамқоршы пірлер бар. Олар: түйенің пірі – Ойсылқара, жылқының пірі – Қамбар ата (Жылқышы ата), сиырдың пірі – Зеңгі баба, қойдың пірі – Шопан ата, ешкінің пірі – Шекшек (Сексек) ата. Балық пен егін де атасыз емес. Балықтың пірі – Қарабай, егін атасы – Дихан баба.

Сан ғасыр көшпенді дәуірде тұрмыс – тіршілігі тікелей мал шаруашылығына байланысты өткен қазақ халқы төрт түліктің сыр-сипатын, қадір-қасиетін жете біліп, ерекше қастерлеген, малды былапыт сөздер айтып балағаттамаған, теппеген, басына ұрмаған, сылап-сипап баққан. Жаман ырымға жорып малды санатпаған. Түйені келеге, жылқыны үйірге, сиырды тбынғы, қой мен ешкіні отарға топтастырып (әрқайсындағы мал саны белгілі), әр түліктің жалпы санын содан есептеп шығарған. Малдың шаруашылыққа қажетті өнімдік, күш-көліктік, тағы басқа қасиеттерін жетілдіру мақсатында үзбей, бір ізділікпен сұрыптау (селекция) жүргізіп, көрікті, сұлу, әсем асыл тұқымды өсірумен шұғылданған. Әсіресе, төл басына (алғашқы төлге) айрықша мән берген. Оларды іріктеп, барлық жағынан өскелең талапқа сай келген үлгілерінен тұқымдық ақ нар, боз айғыр, көк бұқа, көк қошқар өсірген, аса бағалыларын сатпай, соймай, сыйға тарпай ерекшелеп Сетер атаған.

Төрт түлікті бағып-күту, шығынсыз өсіру оңай еместігін, малшының маңдай терін, қажырлы еңбегін, қиыншылықта төзімділік ьалап ететінін: «Сиыр бақтым- сидаң қақтым», «Ешкі бақтым – еңіреп бақтым», мәтелдері арқылы шаруа адамның зердесіне жеткізсе, байсалды, мақсатты еңбектің еш кетпейтінін: «Түйе бақтым – түйме тақтам», «Жылқы бақтым - жорғалаттым», «Қой бақтым – қоңырау тақтым» деп мәтелдеп түйген.

Қазақ халқы малды аса жоғары бағалаған. Түйені – байлық, салтанат, жылқыны – сәндік, мақтан, сиырды – ақтық, қанағат, қойды – қазына, мырзалық санаған. Бауыр еті балаларын құлшына сүйіп, өбектеген аналардың біздің халыққа тән жан тебірентер «Айналайыныныа» жалғастырып, төрт түлік төлдерінің атауымен «Ботам, құлыным, қозым, қошақаным» деп сүйсінуінде филисофиялық терең мағына жатса керек.

Қазіргі өркениетті заманда ертедегі ата кәсібіміз – мал шаруашылығы ел экономикасының кейінгі сапына ығысқанмен, тарихи, тұрмыстық және шаруашылық мәні жойылмақ емес. Сондықтан «Құланның құлағына ойнаған» малжалды қазақ ұрпағына төрт түліктің тұқымдық жүйесінен өрбитін атауларын біліп, жадына сақтағына абзал.

 

 

Түйе атаулары

Түйенің иесі, пірі – Ойсылқара

 

Ойсылқара – келенің бурасы екен,

Буралығын білдірген шудасы екен.

 

Пір болды түйешіден Ойсылқара...

 

Шаруаның бір пірі – Ойсылқврв,

Түйені өсір жарылқап болып пана,

Ит-құс, пәле, індеттен аман сақтап,

Топ-топ қылып боталап аруана.

                                               (Ел аузынан)

 

Аңыз бойынша:

1. ойсылқара – ең алғаш түйе бағып, түйе атасы атанған Уайсхарра есімді араб.

2. ойсылқара – айыр түйенің ең алғаш бурасы.

 

 

Түйе малының жалпы атауы – шалқұйрық

Айыр түйе – екі өркешті түйелердің жалпы атауы.

Нар түйе – жалғыз өркешті түйелердің жалпы атауы.

Бота, көшек – түйе төлінің жалпы атауы, інгеннің жасқа толмаған төлі.

Нарбота – аруананың жасқа толмаған төлі.

Тайлақ – екі жасқа дейінгі төл.

Сүттайлақ – қысыр қалған інгендердің емізіп жүрген былтырғы ботасы не енесі боталауға бірер ай қалғанша емген тайлақ.

Бүлдіршгін – үш жасқа шығар қайымаған ұрғашы түйе.

Құнанша – үш жасар ұрғашы түйе.

Дөненше – төрт жасар ұрғашы түйе.

Тығыршын – төрт жасқа шығар қайымаған ұрғашы түйе.

Соқтан – төрт жасқа шығар еркек пішпе түйе.

Буыршын – аруана мен үлектен туған төрт жасар жас бура, інген бұзар.

Атан – ақталған, кексе ірі айыр түйе.

Атанша – айыр түйенің бес жасқа дейінгі ақтасы.

Інгенше – бес жасқа жетпеген, боталамаған ұрғашы айыр түйе.

Мая – жалғыз өркешті түйенің аналығы.

Аруана – жалғыз өркешті таза тұқымды аналық.

Тұмса – алғаш боталаған інген не мая.

Нар – 1. Жалғыз өркешті түйенің жалпы атауы.

          2. Жалғыз өркешті піштірілген еркек түйе,

Нарша – жас нар.

Үлек – жалғыз өркешті түйенің таза тұқымды аталығы.

Бура – айыр түйенің таза тұқымды аталығы.

Алаша – інген мен жабайы бураның тұқымы.

Жампоз – інген мен бураның асыл тұқымды таза ұрпағы.

Біртума – таза тұқымды үлек пен інгеннің не таза тұқымды бура мен аруананың бірінші ұрпағы.

Түс айыр – таза тұқымды бура мен інгеннің бірінші ұрпағы.

Ләкір – таза қанды бура мен аруанадан туған ұрпақ.

Әле нар – таза қанды үлек пен аруананың ұрпағы.

Қоспақ – інген мен үлектен туған будан. Өркешінің ұшы ғана айыр.

Балқоспақ – мая мен бурадан туған будан. Айыр түйеге ұқсас.

Арақоспақ – таза тұқымды бура мен мырзақоспақ не балқоспақ інгеннің тұқымы.

Мырзақоспақ – балқоспақ пен бурадан туған будан.

Нар қоспақ – аруана мен бураның буданы.

Қырысты қоспақ – үлек пен мырзақоспақтың буданы.

Жарбай – мая мен үлектен туған екінші ұрпақтың буданы.

Жөң – мая мен үлектен туған буданның екінші ұрпағы.

Жөңбай – жөңнің ақта етілмеген бурасы.

Күрт – жөң мая мен үлектен туған будан.

Кердері – біртума мая мен үлектің екінші ұрпағы, жөңмая мен үлектің үшінші ұрпағы.

Кезнар – қоспақ інген мен үлектің ұрпағы.

Қылағай – қоспақ інген мен бурадан туған әлсіз осал тұқым.

Қылқи – жампоз мая мен таза тұқымды үлектің төртінші ұрпағы.

Қалбағай – қылағай інген мен үлектің буданы.

Оқбақ – таза тұқымды үлек пен қалбағай інгеннің буданы.

Бекбатша – бура мен аруанадан туған будан.

Қолбатша – үлек пен інгеннен туған будан.

Жөнек – бекбатша не қолбатша бура мен аруананың не жампоз інгеннің ұрпағы.

Шау түйе – қартайған, күші қайтқан, мініс пен жүк көтеруден қалған кәрі түйе.

Желмая – жалғыз өркешті жүйрік түйе. Асан қайғы баба мінген деген аңыз бар.

Ала көпен - әле түйе, шалқұйрық.

 

 

Түйенің түстері

 

Ақ (атан), боз (інген), сары (тайлақ), қызыл (нар), қараша (қоспақ), қара (бура), қоңыр (мая).

Түйе боздайды, айбат шеккенде жынын шашады – құсады. Бура мен үлек жарауы түскенде күркірейді, аузынан көбік шашады. Адамды шайнап, таптап тастауы мүмкін.

Түйе «Көс-көс!» - деп шақырады, «Шөк-шөк!» - деп тізерлетеді, шөгеріледі. «Сорап-сорап!» - деп суарылады.

Інген мен маянның шағылыстан өткені «қайыды», төлдегені «боталады» делінеді. Тьүйені қырықпайды, жүндейді.

 

Жылқы атаулары

Жылқының иесі, пірі – Қамбар ата

                                                                  (Жылқышы ата)

 

 

Шаруаның бір пірі – Жылқышы ата,

Тілегенде өзің бер ақтан бата.

Үйір-үйір жылықыны шұрқыратып,

Ойдан, қырдан арқынсыз әкеп мата.

                                     (Ел аузынан).

 

Жылқы малының жалпы атауы – Қылқұйрық

 

Құлын – жылқының алты айға дейінгі төлі.

Жабағы – алты ай мен бір жас аралығындағы жылқы төлі.

Тай – бір жастан асқан, екі жасқа толмаған (еркек, ұрғашы) жылқы.

Арда – енесін екі жасқа дейін емген жылқы төлі.

Құнан – екі жасқа толып, үш жасқа аяқ басқан еркек жылқы.

Құнажын – екі жас пен үш жас аралығындағы ұрғашы жылқы.

Байтал – үш жас пен төрт жас аралығындағы құлындамаған ұрғашы жылқы.

Дөнен – төрт жасар еркек жылқы.

Сойтал – төрт жасқа шығар ұрғашы жылқы.

Бесті – бес жасар еркек жылқы.

Айғыр – үйірге түсетін аталық жылқы.

Сәурік – жаңадан үйір алған жас айғыр.

Саяқ – піштірілген тай, құнан, дөнен; үйірге қосылмай өз алдына бөлек жүретін тусыған бойдақ жылқылар; үйірден бөлініп, топтан шеттеген бірлі – жарымды бойдақ билер.

Қысырық – үйірге жаңадан қосылған, әлі құлындамаған жас бие.

Қулық – тұмаса құлындаған жас бие.

Бие – аналық жылқы.

Қасаба – көп жасаған мама бие.

Мама бие – үйірдегі кексе, өрбіген ұрпағы көп сақа бие.

Саба бие – қарны «жер сызған», көп құлындаған бие.

Бедеу бие – құлындамаған бие.

Наз бие - әсем жүрісті, көрікті жарау бие.

Ат – ақталған жылқы.

Мәстек – бой тұрқы тапал, кішкене жылық.

Қазанат – дене бітімі ірі, шымыр, мүсінді, құйма тұяқ, ұзақ жолға шыдамды ат.

Сәйгүлік – шашасына шаң жұқпаған жүйрік жылқы.

Саңлақ – ұшқыр, жүйрік ат.

Күйсіз-күлік (күлік-жүйрік) – бапсыз-ақ, әдейі жаратпай-ақ бәйгеден озып келетін жүйрік.

Арғымақ – дене бітімі аса келісті, сұлу, сымбатты, жүрдек, асыл тұқымды жылқы.

 

 

Тұлпар – асыл тұқымды, аса төзімді, белді, жүйрік, батырлар мінген жылқы.

Жабы – қазақ жылқысының байырғы тұқымы.

Тумыш – арғымақ пен қазақы жылқының буданы.

Қарабайыр – арғымақ пен жабының буданы.

Пырақ – аңызда айтылатын қанатты ат.

Дүлдүл – 1. аңыз бойынша Мұхамед пайғамбар мінген қасиетті ақ қашырдың атауы, кейде Әзірет Әлі мінген ат деп те түсіндіріледі.

                   2. ерекше жүйрік, айтулы тұлпар.

Суын – аңызда айтылатын су жылқысы.

Бұрақ – аңыздағы Мұхамед пайғамбар мініп аспанға ұшқан ат.

 

Көліктік сипатына байланысты жылқы атаулары

 

Бәйге ат – бәйге жарысқа түсетін жүйрік жылқы.

Бөдес – жүндес, көнбіс, мініс көтерер ат.

Бедеу ат – үнемі бабында ұсталатын әсем мініс ат.

Екітүгей – сауырлы, екі аттың мінісін беретін мықты ат.

Ереуіл ат – ұзақ жортылуға шыдамды берік, мықты ат.

Жарау ат – ащ тері алынып, іші тартылғын, ұзақ жүріске жарамды қонды ат.

Жаубасар ат – ұрыста, сайыста мойымайтын таңдаулы саңлық.

Жеккі ат – арбаға, шанаға жегілетін әккі жылқы.

Жел саңлақ – жарау саңлақ.

Жетек ат – жорыққа, ұзақ сапарға шыққанда жетекке алған тың жылқы.

Көбең – арықтан енді енді оңалған мінгі жылқы.

Көсем ат – шанаға, пәуескеге жегілген аттардың алдында дара жол бастаушы жылқы.

Қосақ ат – қосақта жүретін жылқы.

Құр ат – тың, біраз уақыт мінілмей семірген жылқы.

Месберік – аш-тоқтығы білінбейтін, күй талғамайтын, ауыр жұмысқа пайдаланылмайтын ірі, күшті жылқы.

Мініс ат – күнде мінетін көлік.

Лау ат – жолаушы тасуға бөлінген көлік.

Пар ат – арба мен шанаға жегілгенде тұлғасы мен күші бір-біріне пара-пар қос жылқы.

Тарлан ат – көптен келе жатқан мініс ат.

Төл ат – жекенің меншік аты.

Тұп ат – жеккідегі екі-үш аттың шеткі мықтысы.

Тұғыр ат – мініске, жегуге төзімді жұмыс жылқысы.

Шобыр – жұмыс аты, жай көлік.

Шардақ – шабан, қырсау жылқы, шабан – шардақ делінеді.

 

Жылқының жүріс ерекшеліктері

 

Аяң – ақырған жүріс.

Өгіз аяң - өте жай жүріс.

Сылбыр аяң – босаң жүріс.

Сары аяң – бірқалыпты жедел жүріс.

Ырғақ – шабан жүріс.

Қара жүріс – шаппай, желмей, аяңды ұзақ жүріс.

Бүлкіл – аяңнан тездеу жүріс.

Құлан бүлкіл – екпінді бүлкіл.

Ит бүлкіл – бір қалыпты, баяу жай жүріс.

Желіс – аяң мен шыбыс аралығындағы өнімді жүріс.

Бұлаң құйрық жүріс – бір қалыпты сар желіс.

Бүлкек желіс – жанға жайлы баяу желіс.

Бөкен желіс – орта екпінді желіс.

Сау желіс – үзбей желу.

Сар желіс – ағынды, күшті желіс.

Текек – желіс пен шабыс аралық шапшаңдықтағы адамға өте жайсыз секек жүріс.

Жортақ – желіс сипатты, бірақ бәсең жүріс.

Текірек – текірек қағу, жайсыз шоқырақ жүріс.

Қалмақ жүріс – тынбай жортуыл жүріс.

Шоқыту – іркелі шабу.

Шоқырақ – шоқыта шабу, текірек түрі.

Майшоқырақ – шабыстың ең жайлы түрі.

Қоян шоқырақ – секектеп шабу.

Шабыс – бауыр жазылып, қос аяқтап екпіндете шабу.

Ағынды шабыс – көсіле шабу, заулау.

Жорға – жылқының төрт аяғын тең салып, ырғатыла, тайпала басқан жайлы жүріс.

Жол жорға – бәсең, митыңдаған жорға.

Үш аяқ жорға – ара-тұра жаңылысып, текіректеп не желіп барып жорғасын түзеу.

Су жорға – шапшаң әрі екпінді жаңылмай жорғалау.

Төкпе жорға – төгілтіп екпінді жорғалау.

Тайпалаған жорға – сәнді әрі алымды жорға.

Су төгілмес жорға – адамды шайқамайтын аса жайлы, төрт аяғы тең жорға.

Жорға – жүйрік – жорғасы да, жүйріктілігі де аралас жүріс.

Жорға-жортаң – бірде жайлы, бірде жайсыз жүріс.

Кикілжің жорға – изеңдеп, кібіртіктеп жайсыз жорғалау.

Қырынжыл – ойнақшып, бір қырындап жүру.

Қарашыл – жол жүріп келе жатқанда көрінген қараға (малға), ауылға бұрыла беру.

 

Жылқының түстері

 

Ақбоз                                                        Құла

Ала                                                           Күрең

Алаша                                                      Қызыл

Ақбөрте                                                    Қылаң

Ақтангер                                                  Ніл қаракөк

Ақсұр                                                       Сұр

Ақала                                                        Тарғыл

Баран                                                        Тарлан

Бөрте                                                        Теңбіл

Бурыл                                                       Теңбіл көк

Жирен                                                       Торы

Қара                                                         Тобылғы меңді торы

Қаракер                                                    Шабдар    

Қаракөк                                                    Шамбыл                               

Кер                                                           Шаңқан боз

Шауқар                                                    Шұбар               

 

         Жылқы төбел, қасқа, алааяқ белгілеріне қарай жирен қасқа, тор төбел, кер алааяқ деп те аталады.

         Жылқының әдемі сұңғақ мойны – қазмойын.

Жылқы кісінейді, оқыранады. «Құр-құр!» - деп шақырылады, тоқтатылады. «Құрайт-құрайт!» - деп суарылады. «Шүу-шүу!» - деп айдалады.

Бие мен байталдың шағылыстан өткені «айғырдан шықты», төлдегені «құлындады» делінеді. Жылқыны жүндемейді, күздейді.

 

 Сиыр малының жалпы атауы – қарамал

 

Бұзау – сиырдың алты айға толмаған төлі.

Баспақ – жасы алты айдан асқан төл.

Торпақ – алты ай бір жылға дейінгі төл.

Тайынша – бір жастан асқан төл,

Тана – бір жас пен екі жас аралығындағы қара мал.

Қашар – екі жасар ұрғашы мал.

Құнажын – үш жасар ұрғашы мал.

Дөнежін – төрт жасар ұрғашы мал.

Тайөгіз – бір жасар піштірілген мал.

Өгізше – екі жастан асқан піштірілген мал.

Құнан өгіз – үш жасар піштірілген мал.

Дөнен өгіз – төрт жасар піштірілген мал.

Атан өгіз – улкен, ірі денелі, қартаң, піштірілген мал.

Құр өгіз – піштірілгеннен кейін шаруаға, күш-көлікке пайдаланылмай семірген соғымдық ірі мал.

Өгіз – күш – көлікке пайдаланылатын піштірілген, бес жастан асқан ірі қара.

Бұқа – аталық мал.

Бұқашық – бір жастан асқан, піштірілмеген еркек мал.

Бұқаша – екі жасар жас бұқа.

Сиыр – аналық мал.

Мөшке – сауын сиыр.

Жылдам сиыр – күйі ерте келіп, жиі бұзаулайтын сиыр.

Тынжы – сүтті, өнімді сиыр.

Қашақ – бұқаға тоқтамай, дамылсыз шағылысатын қысыр сиыр.

Құсақ – тұмса бұзаулаған сиыр.

Қызыл бұзау – буаз сиырдың ішіндегі тумаған бұзау.

Шаңдақы – сиырдың, қара малдың тұлпары.

 

Қой малының бір атауы – жандық

 

Қозы – жасы төрт айға толмаған төл, қой төлінің жалпы атауы.

Күйек қозы – сәуір, мамыр айларында яғни мезгілінде туған қозы.

Көбеген, Көбдік – ерте туған қозы.

Мәйікті қозы – енесінің ащы және жай уызын тоя еміп, тез өсіп жетілген төл.

Арамза – күйек айынан бұрын қашқан саулықтың мезгілінен ерте туған қозысы.

Көпей - өте кеш, маусымның соңында туған қозы.

Бөдене қозы – кенже туған, дене тұрпаты жетілмеген, жатаған кішкене қозы.

Торым – қозы, тоқты.

Кепе – қыста туған қозының марқайғаны.

Сырбаз қозы – жетілген, піскен қозы.

Марқа – ерте туған, күйек қозыларынан үлкен, тоқтыдан кіші қозы.

Бағлан - өз енесі мен теліген енесін тел еміп, сүбеленіп семірген қозы.

Шираз – көк елтірлі қаракөл қозы.

Жұрын – сүйегі терісіне ілінген арық қозы, тоқты.

Тоқты – жасы алты айдан асқан қой төлі.

Тұсақ – бір жас пен екі жас аралығындағы ұрғашы қой.

Ісек – екі жастағы піштірілген қой.

Бойдақ – тартылған ірі қой.

Құнан қой – үш жастағы тартылған қой.

Шар қой – ірі, кексе қартамыс қой, қысыр қалып не қозысы өліп, бірақ өзге қозы телінбей семірген кәрі саулық.

Азбан (ақ ауыз қой) – аурулығына немесе тұқымсыздығына байланысты піштірілген қошқар.

Сарық – қаракөл қойының екінші атауы.

Саулық – аналық қой.

Тел қой – енесі сүтіне жарытпаған төл телінген, қозысы өлген саулық.

Қошқар – аталық қой.

Қортық қошқар – тұқымы нашар, қошқарлық қасиеті болымсыз аталық.

Құтпан, келепан- отардағы таңдаулы құт-береке көзі болған киелі қой.

Лақ – ешкінің алты айға дейінгі төлі, төлдің жалпы атауы.

Шікірә - еркек лақ.

Туша – бір жасар ұрғашы ешкі.

Шыбыш – бір жас пен екі жас аралығындағы лақтаған ешкі.

Серкешік – бір жас пен екі жас аралығындағы ешкі.

Серке – бес-алты жастағы тартылған, қой бастар ешкі.

Текешік – жасқа толмаған кішкене теке, текесымақ.

Теке – екі жастан асқан аталық.

Ешкі – аналық.

Ту ешкі – бірер жыл қашпай, қысыр қалған семіз ешкі.

 

Ер – тұрман

 

Ер - тұрман – ат әбзел жабдықтарынң жиынтық атауы.

Ер – атқа салт міну үшін ағаштан, темірден, киізден жасалған, тоқым үстіне салатын арнаулы жабдық.

Желқом ер – тоқым жабдығы қоса тігілген ер.

Қалмақы ер (үйрек бас ер) – алдыңғы жағы иіліп жасалған ер.

Әскери (орыс) ер – атты әскерге арналған шошақ бас ер.

Құранды ер – бірнеше бөлік мықты ағаштардан құрастырылып, екі қалыпты тұтас ағаштан шабылып, қасына сүйектен оймыш, асыл тастан көз салып жасалған ер.

Ойма ер – алдыңғы, артқы қасы, екі қапталы, белағашы жеке-жеке ойылып, қиылып жасалған ер. Оймақ қасты ер деп те аталады.

Ағаш ер – ат арқасына тимеу үшін ыңғайлап жасалған ағаш қаңқалы, көпшілік қолды, ықшам, жеңіл ер.

Күміс ер – алдыңғы және артқы қастарының, екі қапталының сыртқы бетіне, қас қырына қойылатын алуан түрлі ойылып қиылған, сүзілте оймышталған жұқа темірлер, үсті таза ақ күміспен қапталған, көбіне әйел қауымына арналған ер.

Алтын ер – күміс ердің күмістелген барлық бөлшектерінің орнына жаппай алтын жалатқан, сан алуан оймыштың үстіне шабылған күміс өрнектердің екі шетін жиектеп нақ ортасына жара сызықтап алтын жалатқан ер.

Боқан ер – алдыңғы қасы қошқар мүйіз болып, артқы қасы иіліп келген ер.

Бежін ер – Пекин қаласы үлгісінде жасалған қытайы ер.

Қазықбас ер – алдыңғы қасы қоқиған, қазмойын ер.

Қоқан ер – басы құйма күміс, керсенін үш елі көкпазбен қаусырған қоқан үлгілі ер.

Ашамай – балаға арналып, екі қасының жоғарғы ұшы айқастырылып жасалған ер. Түйеге жүк арту үшін арнайы жасалған ер тәрізді сайман да ашамай  аталады.

Қас – ердің алдыңғы және артқы бастыра, алдыңғы қасы биік, артқы қасы бақалау не жалпақ пішінді, отыруға ыңғайлы келеді.

Қаптал – ат қалпына үйлестіріліп жонылған, ерді құрастырғанда екі қасқа бекітілетін, тоқым үстінен ат қапталатын қаба ұстайтын бөлшек.

Белағаш – екі қапталға екі қас қиылғанда ердің бел ортасына қапталатын ашықты жабатын, ер оқпанынынң тең етіп, ойып шабылған қисық ағаш.

Оқпан – аттың қыр арқасын бастырмау үшін жасалған екі қаптал арасындағы ойық.

Үзеңгілік – үзеңгі бас өткізуге арналған екі қапталды тесік.

Қанжығалық – ердің алды – артында қапталдың қастан артып тұрған жері. Төрт қанжығалыққа екі-екіден сегіз тесік тесіліп, әр екі тесіктен бір жұп қанжыға-таспа өткізіледі.

Шеттік – артқы қапталдағы қанжыға тесігінен қосалқылап өткізілетін тұйық таспа. Оған құйысқан жырымы байланады.

Шегелік – қас пен қапталдың бір-біріне қиылып, шегемен бекітілген қоспа жері.

Аттық – ердің адам мініп отыратын тұғырлығы. «Кісілік», «Керсен» деп те аталады.

Тоқым – екі қабат таза киізден жасалатын, терліктің үстіне, жонаның астына салатын жабын.

Желқом – жауыр атқа салатын ортасы (жауыр жері) ойылған тоқым.

Тебінгі – аттың тері балаққа, қонышқа, етікке тимеу, үзеңгі бау, таралғы аттың қабырғалығына қажамау үшін, ат пен үзеңгі аралығына байланатын киізден не киіз астарлы былғарыдан жасалатын қалқан.

Терлік – қозы, лақ терісінен жұмсақ иленіп, аттың арқасына жабылатын, ат тері сіңетін жабдық.

Жона – тоқымның үстіне салынатын, тебінгілікті жауып тұратын, былғарыдан көксауырлап, төрт бұрышына шашақ салып әдемілеп, сәндеп тігетін жабдық.

Таралғы – үзеңгіні ерге жалғастыратын, айылбасы бар қайыс бау.

Үзеңгі – көлікке міну үшін ер-тұрман әбзелінің темірден, қолдан, ағаштан жасалған аяқ басатын және ерге отырғанда табан тірейтін бөлігі.

Жүген – қайыстан жасалған жылқының басына кигізетін ат-тұрман.

Ауыздық – жүгеннің темірден істеліп, екі сулық аралығында бекітілген бөлігі.

Сулық – ауыздықты жүгенше шығыршық арқылы жалғастырып тұратын темір.

Сағалдырақ – аттың сағасына дәл келетін, жүгеннің астыңғы жағына тартып байлап қоятын қайыс бау.

Желкелік – жүгеннің екі жақтауының желкеде түйісетін ұшы.

Кекілдік – жүгеннің төбе жағында аттың екі құлағының алдынан өтіп, кекіліне дәл келіп тұратын бөлігі.

Тізгін – аттың басын тежеу, игеру үшін пайдалынатын, ұштары жүгеннің ауыздық шығыршығына байланылатын шыжым қайыс.

Шылбыр – атты бір жерге байлау үшін, ноқтаның, жүгеннің сұлығына тағылатын, жіңішкерек қыл арқаннан ширатып жасалған жіп немесе жалпақ қайыс.

Ноқта – ауыздығы жоқ жүген тәрізді, жүгеннің астынан жылқы басына кигізілетін, кейде шылбыр байланатын әбзел.

Айыл – ер-тоқымды беркіту үшін қайыстан не құрдан жасалған, атты бауырлай тартатын тарпа. Айыл екеу-төс және шап айыл.

Құйысқан – ер-тоқым аттың мойнына кетпес үшін жылқының құйрығына астынан өткізіліп, бір ұшы ерге байланатын қайыс әбзел.

Өмілдірік – ер-тоқым ат артына сырғымауы үшін, аттың омырауына салынып, өткізіліп, бір ұшы ерге байланатын қайыс әбзел.

Қанжыға – бір нәрсе байлау үшін ердің екі қапталынынң арт жағына тесіп өткізілген жіңішке қайыс.

Жабу – ат-көліктің үстіне суық тигізбеу үшін бүркеп қоятын қалың матадан тігілген не киізден жасалған жамылғы.

Тұсау – мінгі аттың алысқа ұзап кетпеуі үшін аяғына салынатын қайыстан істелген, жүннен есілген бекітпе.

Шідер – аттың алдыңғы екі аяғы мен аттанар жақ артқы аяғына яғни үш аяққа бірдей салынатын, көбінесе, жылқы қылынан есілген не қайыстан жасалған тұсамыс.

Өре – жылқының алдыңғы аяғы мен артқы  бір аяғын шалып байлай әдісі және сол әдіспен байланған жіп.

Кісен – темірден соғылатын, аттын екі алдыңғы аяғына салынатын кілті бар тұсау, темір бұғау.

Құрық – жылқыны ұстау үшін пайдалынатын берік ілмек жіп бекітілген ұзын сырық.

Бұғалық – асау жылқы ұстауға арналған, бір жағы тұзақталған он екі-он бес құлаштай мықты қыл арқан.

Қамшы – атты айдап жүру үшін қолданылатын, таспадан түрлі нұсқада өріп, тобылғыға саптап жасалған құрал, ер-тұрман әбзелі.

Шыбыртқы – кейде өріп, кейде өрмей жасалған ұзын қамшы.

Дойыр – қысқа сапты жуан өрмелі қамшы.

Қоржын - әр түрлі нәрсе салуға арналып жүннен тоқылған, қанжығаға байлап, атқа бөктеретін екі басты, аузы бекітілетін әдемі кілемше қап.

 

другие статьи

Чат-бот
Нашли ошибку?
Нашли ошибку?
Страница
https://soyle.kz/article/view/20
Ваше имя
Почта или телефон
Пожалуйста опишите вашу проблему или идею
прикрепить файл
отправить
Спасибо за обратную связь!