«Ботагөз» романы қазақ еңбекшілерінің бостандық-теңдік жолындағы күресін көрсетуге арналды. Ең алдымен, ауылдағы тап тартысын және оның дами келе Ленин бастаған ұлы революцияға қалай ұласқандығын марксизм-ленинизм оқуы тұрғысынан суреттеген қазақ совет әдебиетіндегі бірінші көлемді еңбек. Ғасырлар бойы екі түрлі қанаудың тепкісінде болып, шыдамы таусылған кезде, Россиядағы революция дүмпуімен көтеріліс бастаған қазақ халқы 1916 жылғы июнь жарлығымен байланысты қару алып күреске шығып, елдігі мен ерлігін көрсетті. Роман адамдар арасындағы қарым-қатынастарды қызықты сюжет, шиеленіскен тартысқа құра отырып, халықтың жуан ортасынан шыққан жаңа адамдарды: Амантай, Асқар сықылды қазақ революционерлерін, олардың өсу жолдарын, орыс революционерлерімен байланыс, олардың басшылық қамқорлығын шындық бейнеде суреттеп, сан алуан оқиғаны заңды түрде өрістетіп, дәлелді шешуін таба білді.